Есть вопросы? +7 702 548 4980
Telegram: +7 700 690 3524 Email: msclinic01@mail.ru

Хирургияда өзіндік қолтаңбасы қалған, білікті де білгір, үздік хирург Сабденов Нұрболат Оспанұлы ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЛТЫН КІТАБЫНДА жарияланды

Адам жанының сақшысы саналатын дәрігерлерге алғыс, ілтипат айтылып, ақ баталар беріліп жататыны орынды. Қолы жеңіл, мінезі жұмсақ, оған қоса кәсіби білгірлігі биік деген теңеулердің ақ халатты абзал жандарға айтылуы заңды. Баламыз сырқаттанса, педиатрға жүгінеміз, оның шипасын алған соң әлемдегі ең мықты дәрігер сол!, - деп бағалаймыз. Терапевт те, гинеколог те солай. Ал хирургтерге деген ілтипат тіпті ерекше. Бүгінгідей қарбалас, көлік сапырылысқан заманда жоқ дегенде аяғын сындырған немесе басын жарған, көлік апатына ұшыраған жандардың ауруханаға жиі түсетіні тағы шындық. Осы сәтте Хирургия да өзіндік қолтаңбасы қалған, білікті де білгір хирург Сабденов Нұрболат Оспанұлы жөнінде ыстық ықылас айтудың сәті келіп тұр. Саналы ғұмырын тек адам денсаулығын сақтау саласына арнап, оның ішінде хирург деген атына дақ түсірмей келе жатқан дәрігер Н.Оспанұлы жөнінде тоқталсақ. Сабденов Нұрболат 1969 жылғы қазіргі Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Амангелді ауылында дүниеге келген. Шыққан тегі туралы айтар болсақ, көпбалалы жанұяда тәрбиеленген Нұрболат ағамыздың әкесі Сабденұлы Оспан көп жылдар бойы халыққа қызмет еткен – Еңбек ардагері! Анасы Сабденова Асия мұғалім қызметін атқарған және 12 баланы жарық дүниеге әкелген – Батыр ана! Сабденов Нұрболат 1976 жылы 1-ші сыныпқа барып, 1986 жылы Амангелді Иманов атындағы орта мектебін бітіреді. Орта мектепті бітірген соң ауыл шаруашылығында жұмыс істеп бастаған жас жігіт 1987 жылы Семей мемлекеттік медициналық инс-титутының педиатр факультетіне оқуға қабылданады. Алайда, сол жылдары әскерге шақырту келіп 1988-1989 жылдар аралығында Кеңес армиясында Қара-теңіз және Балтық-теңіз Қарулы теңіз флотында матрос ретінде Отан алдындағы борышын өтеп келеді. Сөйтіп, әскерден келген Нұрболат 1995 жылы аталған оқу орнын бітіріп, «дәрігер балалар хирургі» мамандығын алып шығады. Осылайша, Семей қаласындағы Облыстық клиникалық балалар ауруханасында интернатураны өтіп, осы аталған мекемеде іріңді хирургия бөлімшесіде дәрігер хирург қызметін атқарады. Сонымен қатар, Орталық мамандандырылған хирургия және травматология мекемесінде дәрігер хирург болып жұмыс істейді. Жан-жақты жас маман, білімін одан әрі жетілдіру мақсатында Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетіндегі медицина факультетіне «Жалпы хирургия» мамандығы бойынша клиникалық ординатураға оқуға түсіп, екінші жартысын Алматы қаласындағы Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығында оқуды жалғастырып, 1997 жылы шілде айында оқуды бітіріп шығады. Клиникалық ординатурада оқып жүргенде «Тоқ және тік ішек қатерлі ісіктердегі гемокоагуляциялық өзгерістері» тақырыбы бойынша ғылыми зерттеу жұмысын жүргізіп, 1999 жылы Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтында ғылыми диссертацияны қорғап, онкология саласында медицина ғылымдарынын кандидаты ғылыми дәрежесін алып шығады. Сонымен қатар, көп тәжірибелі азамат, Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясында онкология кафедрасында ассистент, доцент болып және Оңтүстік Қазақстан онкология диспансерінде дәрігер онколог-хирург қызметін атқарады. Жұмыс барысында тоқ және тік ішек қатерлі ісіктері бар науқастарға үлкен көлемді белсенді оталар жасап, 2000 жылы Қазақстанда алғаш рет шетелдік тәжірибелерге сүйене отырып, онкологиялық аурулар бойынша, жағдайы ең ауыр науқастарға медициналық көмек көрсету (ХОСПИС) орталығын ашып, «Отан» атты медициналық реабилитациялық орталық қоғамдық қорының президенті қызметін атқарады. Сонымен бірге, АҚ «Ұлттық ғылыми медицина орталығында» хирургия мамандығы бойынша докторантураға оқуға түсіп, ғылыми жұмысын «Бауырдың диффузды-созылмалы ауруларындағы науқастарға жасанды тіндік гепатоциттерді трансплантациялау» тақырыбы бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, 2008-2013 жылдары аралығында Астана қаласы бойынша мемлекеттік және жеке меншік медициналық орталықтарда: Израиль медицина орталығы «On Clinic», МО «Меdical Assistance Group», МО «Мейiрiм», МО «Дом здоровья» онкология-проктология және балалар хирургиясы саласы бойынша кеңес беріп, медициналық емдеу шараларын жүргізеді. Қазіргі таңда, Ресей Федерациясы колопроктологтар ассоциациясының мүшесі болып саналып және осы ассоциация өкілдерімен жиі тәжірибе алмасып тұрады. Сонымен бірге, мамандық бойынша біліктілігін арттыру мақсатында АГИУВ (Алматы), УГМАДО (Челябинск, РФ), ЮКГМА, д.п.н. В.С. Аванесов (Москва), КазГМА ФУВДО (Астана), ФГУ«ГНЦ колопроктологии МЗ РФ» (Мос-ква, РФ) өткізеді. “Түйір нан – тамшы тер” демекші, жақсы маман иесі болуы үшін көп ізденіс үстінде жүріп, мол тәжірибе алған Нұрболат Оспанұлы бүгінде Астана қаласынан жеке меншік «Medical Sabden Clinic» ЖШС медициналық орталығын ашып, шет елдік және Израиль медициналық емдеу тәжірибелерін ала отырып, заманауи ем шараларын белсенді қолданып халыққа медициналық көмек көрсетуде. Нұрболат Оспанұлы мамандығымен мерейін үстем етіп, адал еңбегімен абыройға кенеліп келеді. Білікті маман ретінде медицинаның ең үздік жетістіктері мен «Алғыс Хаттарына» бөленіп жүрген жан. Атап айтсақ, Сәулелік диагностика мамандығы бойынша ультрадыбыстық диагностика дәрігері сертификатын, «Жалпы хирургия» (торакальдық хирургия, абдоминальдық хирургия, трансплантология, колопроктология, негізгі мамандық бейіні бойынша эндоскопия) мамандығы бойынша жоғарғы біліктілік санаттағы дәрігер дәрежесін, «Психиатрия» мамандығы бойынша қайта даярлаудан өтіп және осы мамандық бойынша ересек және балалар психиатр дәрігер сертификатына ие болған. Ол өз саласының мықты маманы ретінде көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген азамат. Отбасында екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Зайыбы Сабденова Дариға Егембердіқызы 1969 жылы, қызметі жоғары санаттағы дәрігер акушер-гинеколог, УДЗ дәрігері және «Medical Sabden Clinic» ЖШС директоры. Үлкен ұлы Сабден Нұрғазы Нұрболатұлы – Қытай Халық Республикасының Бейжің тіл және мәдениет университетін және Ресей Федерациясының «Мәскеу болат балқыту университетінің» нанотехнология факультетінің магистратурасын бітірген. Қазіргі таңда,«Medical Sabden Clinic» ЖШС коммерциялық директор қызметін атқаруда. Үлкен қызы Оспан Мөлдір Нұрболатқызы– Қытай Халық Республикасының Бейжің тіл және мәдениет университетін және Ресей Федерациясының «Мәскеу болат балқыту университетінің» физика факультетінің магистратурасын бітірген. Қазіргі қызметі Қытай компаниясы ООО «ИЭКНО ЯХУА» бас менеджері. Кіші қызы Оспан Жансая Нұрболаткызы – Қазақ ұлттық өнер университетінің академия вокал факультетінің 3-ші курс студенті. Кіші ұлы Оспан Нұрсұлтан Нұрболатұлы – Қазақ ұлттық өнер университетінің дәстүрлі ән факультетінің 1-ші курс студенті. Келіні Каюм Қарлығаш Досжанқызы – Астана медициналық университетінің «фармацевтика» факультетін бітіріп, бүгінде өз мамандығы бойынша қызмет етуде. Қазіргі таңда Нұрболат ағамыз немересі Нұрболат Айару Нұрқазықызының балдай тәтті қылықтарына бөленіп, бейнетінің зейнетін көріп отырған бақытты да баянды жанұяның отағасы. Дәрігер адам өміріне тіршілік нәрін береді. Оларға мансаптың, байлықтың, атақтың түкке керегі жоқ, оларға керегі адамның денсаулығы, оның тағдыры. Үмітке үміт жалғап, ғұмырдың ұзақтығын сабақтастырып жататын ең қадірлі, құрметті мамандық иесі Сабденов Нұрболат ағамызға кейінгі өсіп келе жатқан жас буынға ақыл айтар аға, білгенін үйретер ұстаз болып әлі де адам жанына араша түсетін білгір маман ретінде Сіздің ортамызда ұзақ жүруіңізге тілектеспіз деген шынайы лебізімізді білдіреміз. Ел дамуына ерекше үлес қосып жүрген осындай азаматтарымыз көп болсын!