МЦ "Medical Sabden Clinic"-тың директоры Сабденова Дариға Егембердиевна "ӘЛЕМДЕГІ ТАБЫСТЫ АДАМДАР" тізімінде жарияланды
Жарасымды ғұмыр кешу үшін адамға ең алдымен мамандықты және жарыңды дұрыс таңдау маңызды. Мұны бәрі біледі, алайда осы екі дүниелік нәрсеге теңдей қол жеткізетіндер нағыз бақытты жандар деуге болады. Себебі, қателеспей қадам жасаған адамның өмір жолы көпке үлгі-өнеге болмақ. Кейіпкеріміз Дариға Егембердіқызы өзінің мамандығын да, жарын да қателеспей тапқан нағыз бақытты жан деуге болады. Ал жаңашылдықтарды өз тәжірибесіне енгізе білу, оны елдің игілігіне пайдалы етіп адамға ұсына білгеннің өзі үлкен еңбек. Ал ол жаңашылдық медицина саласында болса тіпті керемет! Бүгінгі заман талабы тұтынушының қалауын қанағаттандыру болып табылады. Ол үшін нағыз білікті маман үздіксіз оқып, жан-жақты ізденіп жүруге тиіс.
Сабденова Дариға Егембердіқызы Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Тұрбат ауылында қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген. Ата-анасы өз еліне сыйлы да қадірлі жандар болды. Дариғаның бойындағы қайтпас қайсарлық пен өжеттілік әке қанымен келген болса, бірсөзділігі мен табандылығы, жібектей мінезі, сабырлығы мен басқаға қамқор пейілі анасының сүтімен дарыған деуге болады. Тағы бір табиғат берген ерекше қасиеті орта таңдамайтын қарапайымдылығы деуге болады. Жүрегі мейірімге толы, өзін ғана емес, өзгелердің қамын ойлап тұратын жанашырлығы бір бөлек. Әркез қолынан келген көмегін аянып қалмайтын, үлкен-кішіге бірдей ізеттілігі басқаларға үлгі боларлықтай. Өз саласына деген адалдығы мен жұмысына шынайы берілгендігі оның талай жылғы тынымсыз еңбегінен байқалады.
Бала кезінен оқу-білімге құштар болған Дариға мектептің мақтанышы атанды. Өзі арман еткен Семей Мемлекеттік Медицина институтына оқуға түсіп, ата-анасын шексіз қуанышқа бөледі. Ұстаздарының берген білімін одан әрі шыңдап, тынымсыз ізденіспен өзін көрсете де білді. Студенттік жылдарында да өз замандастары арасында беделді көшбасшы болды. Институтты «Педиатрия» мамандығы бойынша 1996 жылы өте жақсыға бітіріп, интернатураны Шымкент облыстық перзентханасында акушер-гинеколог дәрігер мамандығы бойынша оқыды. 2012 жылы КеАҚ «Медициналық университет Астана» жоғарғы оқу орнында «Сәулелік диагностика» мамандығы бойынша ультрадыбыстық диагностика дәрігері сертификатын алды. «Акушерлік және гинекология», «Ультрадыбыстық диагностика» мамандықтары бойынша қызметті жоғарылату оқу курстарын республика ішінде және шет елдерде, оның ішінде Новосибирск, Минск, Екатеринбург, Мәскеу қалаларында оқыды. Ол қай кезде болмасын жаңалықтардан қалыс қалмай, жаңаны үйренуге асығып тұрады. Сәт сайын жаңарып, жаңғырып жатқан салалық жаңалықтарды өз тәжірибесіне енгізуде еңбектенуден, ізденуден бір жалыққан емес.
Сонымен қатар 2019 жылы «Альянс» жеке шаруа серіктестігінде медициналық оқыту орталығында «Дәстүрлі терапия», «Медициналық реабилитология», «Балалар және ересектер психиатриясы» бойынша қайта даярлаудан өтіп, дәрігерлік сертификат алды. 2019-2021 жылдар аралығында Астана, Алматы, Мәскеу қалаларында «Эстетикалық гинекология» мамандығы бойынша Dr.Renat Akhmetov, дәрігер Оксана Филимонованың «Гинекологиядағы Anti-Age бағдарламасы», «Плазмолифтинг», «Нитевой лифтинг», «Лабиопластика», «Вибромассаж», «Физиотерапия», «Гирудотерапия», «G нүктесінің интимді коррекциясы» бағыттарын жетік меңгеріп, дәрігерлік сертификаттарын алды. Оқу аяқталғаннан кейін 1997-2005 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам аудандық перзентханасында акушер-гинеколог-дәрігер қызметін абыроймен атқарды. 2006 жылдан 2012 жылға дейін Нұр-Сұлтан қалалық мемлекеттік колледжінде «Акушерия және гинекология» пәнінен мұғалімдік қызметте болды.
Білімді де білікті маман оқыту ісінде де толағай табыстарға жетті. Өзінің бірнеше жылдық білімі мен тәжірибесін жастарға үйретіп ғана қоймай, іс жүзінде де үйрете алды. Оның тәлімін алған талай жас қазіргі уақытта өз алдына білікті маман болып жүр. Әрбір студентпен жақын араласып, ақыл-кеңесін беріп, пікірлесіп, оларды қызықтыратын сұрақтарға тұщымды жауап беруге тырысып, барынша заманауи жас мамандарды дайындауға күш салды деуге болады.
- «Кез келген елдің болашағы адамдарының денінің сау болуында. «Ауырмай тұрып денсаулығыңды бағала» дегенді ақ халаты абзал жан ретінде әрдайым үлкен мен кішіге айтып отыру да парыз. «Халық алғысын алғаннан артық марапат жоқ қой. Емін алып, өзін керемет бақытты сезініп тұрған ем алушыңды көру расымен де бізге бақыт. Заманға сай жаңашылдықтарды енгізіп, қыз-келіншектердің денсаулығының жақсаруына, жасаруына да жұмыс жасап келеміз. Бүгінде нәзік жандыларымыздың қалауымен түрлі оталар да жасалады. Өзімнің сүйікті ісімді барынша жандандыра түсудемін. Әрбір қызметімді алушы нәзік жандылардың көңіліне үміт сәулесін шашып, жүздеріне күлкі үйірсем деп, жоғары дәрежеде қызмет көрсету үшін барымды саламын. Мен асықпаймын. Әр бастамама байыппен қараймын. Себебі, адам денсаулығымен ойнауға болмайды. Алдымен алдын ала тексерістер жасап, қажетті шараларды қолға аламын. Дәрігер кең ұғымды қастерлі мамандық, ал оған кір келтіруге біздің қақымыз жоқ. Медицина қызметкері болу адамға денсаулық, тіпті кейде өмір сыйлау деген сөз іспетті ғой. Маған келетіндердің жас айырмашылықтары да әртүрлі. Таным-түсініктері де солай. Талап-тілектері де әртүрлі. Рас, көп адамның медицинадан хабары аз. Оларға қарапайым тілмен түсіндіре алуың да керек. Ине мен пышақты серік етіп ғана қоймай, көппен тілтабыса білудің өзі үлкен өнер деген болар едім. Себебі, басқаның тілін табуға да еп керек. Жылдар бойы денсаулық саласында аянбай еңбек етіп қана қоймай, халықтың ықыласына да бөленіп, емделушілеріммен туысындай болып кеткен жайым бар. Адамға ем дарытып қана қоймай, науқастың жанын түсінетін, жылы сөзімен дем беретін маман иесі ретінде әлі талай уақыт еңбектене бермекпін», - дейді Дариға Сабденова.
Дариға Егембердіқызы 2008 жылдан 2017 жыл аралығында Нұр-Сұлтан қаласында №5 қалалық емханада акушер-гинеколог, ультрадыбыстық диагностика дәрігері қызметінде беделді жұмыс атқарды. Талай жылдық тәжірибесінің арқасында өзін іздеп келетін тұрақты емделушілер қатары да уақыт өткен сайын жиілей берді. Қолы алтын, жүрегі кең ақ халатты абзал жанды бүгінде жергілікті жерінде танымайтындар кемде-кем. Өз емделушілеріне құрметпен қарап, әрдайым олардың көңіл-күйін дөп тауып, тиісті ем шарасын жасап, ақыл-кеңесін беріп, елмен жылы қарым-қатынас орната білді.
Білікті маман 2016 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласынан жеке меншік «Medical Sabden Clinic» ЖШС медициналық орталығын ашты. Бүгінде осы орталықтың директоры және дәрігерлік қызметін атқарады. Акушерлік және гинекологиядағы жоғары жетістіктері үшін №5 қалалық емхананың бас дәрігері А.Табулдинадан «Алғыс хат» алса, Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген дәрігері ретінде есімі «Алтын кітапқа» енгізілді. Өнегелі отбасында жолдасы Сабденов Нұрболат Оспанұлымен бірге 4 бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде немере сүйіп отыр. Жолдасы Нұрболат Оспанұлы дәрігер-проктолог, онколог, медицина ғылымдарының кандидаты.
Жарасым тапқан жанұяның отанасына мықты денсаулық тілеп, Алла берген абыройыңыз биіктей түссін деген тілегімізді білдіреміз.
https://best-people.info/medicine/665-sabdenova-daria.html желісінде жазбаның толық нұсқасымен таныса аласыздар.